Мақалалар

Барлық амалды дұрыс орындау

02 шілде 2020

Жаратушы Жаббар Иеміз біздерді де басқа да жаратылыстарды жоқтан бар етіп даналықпен, көркемдікпен жаратты. Бұл жайында Алла тағала Құранның «әс-Сәждә» сүресінің 7-ші аятында: «Ол сондай Алла, әр нәрсенің жаратылысын көркемдестірді. Адам баласын жаратуды балшықтан бастайды»,-деген. Жарату себебі - жаратылыстарының ішінде қайсысы иман келтіреді, қайсысы иман келтірмейді, қайсысы жақсы амал істейді, қайсысы жаман амал жасайды сынау, соған лайықты ақыретте жазасын беру. Ал бұл жайында Алла тағала Құранның «Кәһф» сүресі, 7-аятында: «Біз адам баласының қайсысы жақсы амал істейді деп сынау үшін жер үстіндегі нәрселерді жердің көркі қылдық», - дейді.

Сол үшін адамзат баласы мен жындардың таңдау еркілерін өздеріне тапсырып, айналамыздағы барлық жаратылыс атаулыны біздерге бағындырып берді. Алла тағала Құранда «әз-Зәрият» сүресінің 56-шы аятында: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым», - десе, тағы да Құранның «»әл-Жәсия» сүресінің 13-ші аятында: «Және де Ол, өз тарапынан сендер үшін көктердегі әрі жердегі барлық нәрсені іске қосты. Шын мәнінде осыларда түсінген ел үшін белгілер бар», - дейді.

Демек біздер бұл өткінші дүниеге құлшылық орындау үшін келгенбіз. Ал құлшылық дегеніміз не? Ол көпшілік адамдардың ойында жүрген мешіт пен дәретхананың арасында құман көтеріп жүру, намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару ғана емес, керісінше құлшылық дегеніміз – сіздің Аллаға ұнамды әрбір амалдарды шынайы ниетпен толықтырып (шарттары, уәжіптері, сүннеттері, т.б.) дұрыс орындауыңыз. Өйткені Алла Құранның «Нахл» сүресі, 128-аятында: «Шынында Алла, тақуалармен, сондай-ақ  жақсылық істеушілермен бірге»,-деп айтқан. Бұл аяттағы «жақсылық істеушілер» деген сөздің мағынасы осыған саяды. Сонымен бірге мұсылман адамның тақуа болуы үшін де әрбір амалында шынайы ниеттеніп, толықтырып орындауы керек. Жоғарыда қарапайым халықтың түсінігіндегі құлшылықтар пенде мен Алланың арасына байланысты құлшылықтар. Одан бөлек пенде мен пенденің арасына байланысты құлшылықтарда жетерлік. Мысалы сауда-саттық, жақсы мәміле жасау, туыстармен араласу, үйлену, отбасын құру, жұмыс жасау, ата-ананы құрметтеу, т.с.с. амалдар баршылық.

Жаратушы Иеміз Құранның «Һуд» сүресі, 7-аятында : «Ол Алла, қайсыларың жақсы амал істейді деп, сынау үшін көктер мен жерді алты күнде жаратты...», - деп айтса, тағы да Құранның «Мүлк» сүресі, 2-аятында: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы амал істейтіндеріңді сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем, аса жарылқаушы», - деген.Бұл аяттарда құлшылықтың белгілі түрлерін ғана ерекшелеп айтпаған, керісінше аяттың мағынасы мұсылман адамға  жалпы (барлық) амалдарда жақсы әрі дұрыс орындау керек екендігіне ишарат етуде. Ең бастысы - Аллаға ұнамды болуында, көп болуында емес. Яғни, мұсылман адам аз амал жасаса да шынайы ықыласпен толық әрі тиянақты орындауы керек. Себебі, бұл жайында Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!) хадисте: «Расында Алла сендердің біреулерің амал қылса, сол амалын тиянақты орындағанын жақсы көреді», - деп айтқан.

Ислам діні ілімдерін әһлу сүннет уәл жамағат иелері үш бағытта (иман, ислам, ихсан) түсіндіреді, міне осы үш негізгі бағыттың соңғы шырқау шыңын - ахлақ яғни, ихсан. Ал, бұл «ихсан» дәрежесіне жету үшін әрбір ісі шынайы ықыласпен тиянақты әрі толық орындалуы керек. Дана Абай атамыздың:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ- хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой - онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс, - деп айтқан сүбелі сөздерінің түпкі төркіні осы мағыналарға сай болса керек.

Белгілі ислам ғалымы Имам ән-Науаидің негізгі құнды хадистер ретінде теріп жазған Алла елшісінен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!) жеткен тізбегі дұрыс (сахих) қырық хадистің ішінде осы мағынаны толықтыратын хадистің келтірілуі бекер емес. Сол «Қырық хадис» кітабына жазылған «әл-Уафи»  атты шарқының қазақша аудармасында былай делінген:

(Умумул ихсан1)

        Әбу Яғла Шаддад ибн Аус (Алла оған разы болсын):«Пайғамбар (с.а.с) «Ақиқатында, Алла әр нәрсені (іс амалды) жақсы істеуге бұйырған, егер өлтіру керек болса (шариғатта адам өлтірген қылмыстыны қинамастан, қазының үкім етуімен, куәгерлердің болуымен қинамай, арнайы тағайындалған баскесер шектен шықпай тез өлтіруі керек) жақсы тәсілмен2 өлтіріңдер, тіпті мал соятын болсаңдар да, жақсы орындаңдар, пышақты (жақсылап) қайрап, (сойылатын) малды азаптан құтқарыңдар», - деді», - деген3.

Хадистің маңыздылығы

        Бұл хадис дініміздің маңызды негіздерінің бірі болып табылады және Исламның барлық үкімдерін жақсы орындауға шақырады. Яғни қандай да бір істің жақсы орындалуы оның шариғат заңдарына сай атқарылуы қажеттілігін білдіреді. Ақиқатында іс-әрекеттің бәрі адамның тіршілік қажеттіліктерін табуға ұмтылысы мен көпшілікпен қарым-қатынасына, жүректің ісі болып табылатын иманға және Исламға қатысты болады. Бұл дүние мен Ақыретке қатысты іс-қимылдардың барлығын дұрыс әрі жақсы орындайтын адам табысқа жетеді, егер Алла тағала қаласа, ол дүние-ақыретте бақыттылар қатарында болады.

Барлық істі жақсы орындау – уәжіп.

Бұл хадисте барлық іс-амалды жақсы орындаудың уәжіп екендігі айтылады. Яғни шариғатта айтылғандардың барлығын нақты және толық орындау қажет. Өзінің Ұлы Кітабында Алла тағала: «Негізінде, Алла әділет пен игілікті бұйырады»4;

«Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде, Алла игілік істеушілерді жақсы көреді»5,- деген.

Бұл (айтылған мәселе) парыздарда орындау да, харамдардан сақтануда да және адамдармен өзара қарым-қатынаста да бірдей қажет. Барлық істі жақсы орындау дегеніміз – барлық тиісті шарттарды сақтай отырып толық орындау. Егер дәл осылай істесе, оның іс-амалы қабыл болады және артығымен марапатталады6.

  1. Ихсан – «өте жақсы істеу, жақсылық істеу, қайырымдылық» дегенді білдіреді. Бұл термин көп мағыналығы себепті қазақ тілінде контекске сәйкес пайдаланылады.
  2. Қылмыстыны өлтіргенде қатты қиналмайтындай етіп тез өлтіру керек.
  3. Муслим.
  4. «Нахл» сүресі, 90-аят.
  5. «Бақара» сүресі, 195-аят.
  6. Әл-Уафи кітабынан алынған.
"

33