Ғибратты оқиғалар

Ғибратты оқиғалар

Бала да болса...

18 қыркүйек 2022

Мәлік ибн Динар кетіп бара жатып құмда ойнап жүрген баланы көрді. Бір қызығы, бала біресе күледі, артынша қайтып жылайды. Балаға сәлем берейін деп бұрыла берді де, кілт тоқтай қалды. «Кішкентай балаға барып сәлем бергені несі» деген ой келеді. Артынша ол ойдың нәпсіден келгенін аңғарып, әдейі барып балаға сәлем берді. Бала: «Уағалейкумассалам, Мәлік аға», – дейді. Мәлік өз атын білгеніне таңданды.

– Иә, балақай, мені қайдан танисың?

– Рухтар әлемінде кездескенде, Аллаһ сізді маған танытқан. Мәлік ибн Динар баланың тегін емес екенін байқап сынап көрмек болды.

– Балақай, айта қойшы, ақыл мен нәпсінің айырмашылығы неде?

– Саған сәлем бергізгісі келмеген – нәпсі, ал сәлем бергізген – ақыл.

– Дұрыс таптың. Неге топырақта ойнап отырсың?

– Біз әу баста топырақтан жаратылдық, тәніміз қайтадан сол топыраққа беріледі.

– Неге ойнап жатқанда біресе күлесің, біресе жылайсың?

– Раббымның рақымы көз алдыма келеді, қуаныштан күлемін. Азабы есіме түскенде, қайғырып жылаймын.

– Балақай, сен әлі кішкентайсың, күнәң да жоқ. Нағыз жылауы керек мына мен, бірақ мен бейшара жылай да алмаймын.

– Олай демеңіз. Мен шешемнің от жаққанын көргем. Үлкен ағаштарды жақпас бұрын кішкентай шырпыларын тұтатады. Демек кішкентай болу оттан құтқара алмаса керек. Мәлік ибн Динар оған ештеңе деп қарсы дау айта алмады.

6