Расында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сол кездегі шешімі бүгінгі таңда оңды нәтиже
беруде. Олай дейтініміз, қазіргі кезге дейін сауат ашу курстарын тәмамдаған жастарды қоспағанда, 159
студент Ақтөбе медресе колледжінің оқу бағдарламасын толық бітіріп, «имам хатиб» мамандығы бойынша
арнайы орта кәсіптік дипломға қол жеткізді. Осы түлектердің 70% Ақтөбе қаласы және облысымызға
қарасты мешіттер мен басқада мекемелерді қызмет жасап жатқан болса, 20 % өз еліміздегі Нұр-Мүбәрәк
университеті және Египет, Туркия сияқты мемлекеттердегі жоғарғы оқу орындарында әрі қарай білімдерін
шыңдауда. Ал, қалған 10% көрші облыстардан келген талапкерлер мешіттер мен діни орталықтарда қызмет
жасауда. Оқу орнын бітіріп шыққан түлектердің білек сыбана іске кірісуінің нәтижесінен жастардың
басым көпшілігі шынайы имандылыққа бет бұрып, теріс ағымның жетегіне кету көрсеткіші азайды.
Облысымыздағы діни тұрақтылық белсенді түрде қалыптаса бастады.
Оның үстіне жергілікті жанашыр азаматтардың демеуімен медресе колледждің жанынан жыл сайын 250
студентке арналаған асхана, спорт кешені, оқу ғимараты, жатақхана, қыздар бөлімі сияқты ғимараттар
бой көтеріп, оқу базасы өркендеп келеді.