Жүктелуде...

Менің анам...

Image

Менің анам...

20     18 марта 2019

Мен үшін кез-келген тақырыпта ой қозғау аса қиындық туғызбайтын. Бірақ, анам туралы жазуға келгенде көңілде сайрап тұрған сезімді жазып жеткізу жүрегімді кәдімгідей толқытты. Бұл шығарманың мен үшін өзгелерден орны бөлек. Анаңа деген сезіміңді сөзбен жеткізіп, ауызбен айтып беру кез-келген жанға оңай түспейтін шығар.

Анашыма ең ізгі деген жырларымды, ең тап-таза сезімдерімді, ең,ең асылдарымды арнағым келеді.

Жаратушы Иемізге маған берген шексіз нығметтерінің ішіндегі осындай ана бергеніне сансыз-сансыз, есепсіз-есепсіз мадақтар айтамын! Өйткені, ол кісінің арқасында мен дүниеге келдім. Бармын!Тірімін!

Пенде не нәрсені де өз басына түскенде барып терең сезінері хақ. Өзім ана болып, сәбилерім дүниеге келгенде түні бой көз ілмей, балаңның жылағаны мен мазасыздығына шыдап, жаның қиналса да балаң үшін бәріне төзуге дайын екеніңді сезген кезде «Қайран анашым-ау, біз үшін осыншама қиындықты кешіргеніңді енді ғана түсініп жатқаным үшін, кешірші» деп, анаңның аяғына жығылған үстіне жығыла түскің келеді....

Кейде анама «біз кейде екі баланың еркелігінің өзін көтере алмай қаламыз, 7 баланы қандай шыдамдылықпен өсіргенсіз?», деп сұрағанда, «әр қайсыңның орның бөлек қой» деп жиымып қана қарағанда, сол риясыз жүзінен айналып кетем...

Анам менің 10 балалы отбасыға келін болып түскеннен кейін, аз уақыттаң соң әжем дүниеден өтіп, анадан ерте айырылған әкемнің бауырларын (2,4,6....жастан, ары қарай кете береді) өз балаларындай өсіріп, ұяларына қондырды. Өзі 6 баланың кенжесі болса да «келін» атанған күнінен бастап еркелігін өз отбасына қалдырып, әкемнің 8 бауырына бас көз болып қалды. Анамның өміріне көз жүгіртсем бар өмірі балаға арналған екен. Иә, ананың жүрегіне «әлемнің баласына орын бар» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.

Анашымның асыл қасиеттерін ойлаумен жүріп, расында, бізді дүниеге әкелген теңдессіз жанды жіті бағалай бермейді екенбіз. Осыны түсіндім.

Бала кезімізде бір-екі күн анамыз жол жүріп кетсе, таңымыз атпастай болып қалатын. Екі күннен аса үйде болмаса сағынғаннан жағдайымыз тіпті мүшкілдей түсетін.)

Аяулы анамның әрбір қимылы, ыстық ықыласы, жайдары жүзі мен үшін ғаламның шексіз, шетсіз кереметтеріне татымайды.

Ол бізге әрдайым бар жақсыны арнаудан шаршаған емес. «Жоқ» нәрсені «Бар» етіп, мүмкін еместей көргенімізді мүмкін ететін.

Әлі есімде бала күнімде аяқ киімімнің басы мүжіліп қалып, жаңа жылдық кешке не киерімді білмей қысылғанымда, анам басына жылтырақ (дождик) тағып, «сенің аяқ киімің бәрінікінен де әдемі. Өйткені бұндай (дождик таққан аяқ киім) ешкімде жоқ» деп, тапқырлығымен бала көңілімді қуантқанды.

Анам әр жыл сайын мектепке өз қолымен (ұнның капшығынан) түрліше әсемдеп, бір-біріне ұқсамайтын ерекше сөмкелер тігіп беретін. Жыртылған киім мен аяқ-киімдерімізді де түрлендіріп, бүтіндеп беретін. Өзгелердікіне ұқсамағанға мәз болып, балалықпен ешқашан жаңа киім алып бер деп ата-анамызды мазаламайтынбыз. Кейін есенгенде барып оның бәрі заманның таршылығынан екендігін бір-ақ білдік ....

Заман демекші, жарықсыз, пілте шаммен күн кешкен уақыттарда анамның әңгіменің майын тамызып айтатын тағы бір ерекше қыры есіме түседі. Шамның айналасында улап-шулап 6 бала жамырап отырғанда анам әкем екеуінің жастық шақтарын бізге ертегі қылып айтып отыратын. Бала көңілмен ертегі деп сенгеніміз олардың жас күндеріндегі естеліктері екенін аңғармайтынбыз да....

«Баланың бас ұстазы-ата-ана» демекші, аштық та сабыр, тоқтықта шүкір етуді, әкенің қабағына қарап өсуді, бастаған істі аяғына жеткізуді, қолыңнан келіп тұрса қайтарымсыз көмек көрсетуді, адамдық сипатынан айнымауды осының бәрін бізге үйрете отырып, «Адам болыңдар» деуден шаршаған емес.

Болашақта балаларыма «бас ұстаздарымнан» көрген тәрбиені сіңірсем, жаман тұлға болып қалыптаспайтынына кәміл сенем.

Өзі аш болса да, баласын тоқ қылып, өзі тоңса да, баласын жылытып, өзі ауырса да баласын сау қылып, бар жақсысын, тіпті артығымен ғұмырын арнайтын аналарымыздың біз үшін тамған бір тамшы терін жерден сіңіріп жинап алсақ та, олардың бір қысқан толғағының да өтеуін бере алмасымыз ақиқат.

Жаным Анашым! Аяулым менің! Сенің дидарыңды мұң шалмай, қуанып жүруің үшін қолымнан келген бар жақсылықты өзіңе жасағым келеді! Өзіңмен мәңгілік өмірде дидарласу үшін сыртыңнан дұғамды үзбей арнаймын! Мен үшін Жаратушының алдында ұялып, бейшара хәлге түспеуің үшін барымша ізгілікке ұмтыламын! Өзіңнен туған перзент болғанымды ұялмай айта аламын! Өйткені, Сіздей асыл адам - МЕНІҢ АНАМ!

Барында аналарымызды қуантайық! Мейірім сыйлайық! Аяғын сүйіп, майдайынан жиі иіскейік! Себебі аналар бәріне лайық!!!

Түйін. Бұл шығарма анам туралы жүрек түкпіріндегі толқыныстың бір үзігі ғана....Кім болса да анасы туралы айтылғанда том-том кітаптар жазуға қауқарлы.

Есберген Айгерім. 04.02.2019.

Бөлісу