Мухаммад ибн Лабид, ради Аллаһу анһу, риуаят еткен бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алайһи уа саллам, «Сіздердің араңызға кіруінен ең қауіптенетін нәрсем кіші ширк»,- деді. Сонда сахабалар: «Иа, Расулуллаһ! Кіші ширк деген не?» – деп сұрағанында, Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алайһи уа саллам: «Рия, - пенделерін амалдарына қарай жазалайтын күнде оларға Аллаһ Таъала: «Дүниеде олар (мені) көрсін (деуі) үшін амал істегендерге барып қараңдаршы, олардан бірер жақсылық табасыңдар ма»- дейді». Яғни сұрақ-жауап күні, сол сен риялықпен көрсеткен адамдарыңнан бірер пайда бар ма? деп сұралады, сен марапатты сол кезде, сол адамдардан алдың, мұнда саған Аллаһтың сыйы жоқ деп, Аллаһтың сондай тергеуі болады, бұл сүйікті Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алайһи уа саллам, біз-үмметтеріне ескертуі екенін ақыл иелері болғандықтан шынайы ескергеніміз жөн Осы арада және Пайғамбарымыздың Әбу Һурайрадан риуаят етілген бір хадисіне тоқтала кетсек: Аллаһ Таъала айтады: «Мен серіктерге мұқтаж емеспін және маған басқаны серік еткен амалға да мұқтаж емеспін, сосын Маған басқаны серік қылып амал еткен кісілерден беземін»
Яғни, біреу мені көрсін деуі үшін істелген амалынан да және осы амалды орындаушыдан да беземін,- дейді. Әлбетте Аллаһ ықылассыз мұндай рия амалдарды қабыл етпейді. Шын көңіл мен ынталы ықылас ниет болмаса, ондай амалды Аллаһ қабыл етпесі сөзсіз.
Абай атамыз айтқан ғой:
Аллаһ деген сөз жеңіл
Аллаһқа ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл
Өзгесі Хақы жол емес.
Әбу һурайрадан, ради Аллаһу анһу, риуаят қылынған бір хадисте: Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алайһи уа саллам, айтады: «Ораза тұтушы кісі бар, оның тұтқан оразасында тек аштық және шөлдеуден басқа ешқандай несібе жоқ. Ерте тұрушы бар, ерте тұруында тек ерте ояну және қиналудан басқа ешқандай несібе жоқ». Яғни тұтқан оразасы және ерте тұрып оқыған намазы Аллаһ ризалығы үшін болмаса, оған сауап жоқ. Міне сондықтан да құрметті жамағат! Пайғамбарымыз Мұхаммед, салла Аллаһу алайһи уа саллам, хадисінде: «Әрбір іс ниетке байланысты»- дегендей, не істесек те тек Аллаһ үшін істесек, сонда ғана Аллаһ Таъаладан үлкен бір сауаптарды үміт етуге болады. Сол себептен істеген амалдарымыз, оқыған намаздарымыз, тұтқан оразаларымыз, берген садақа-зекеттеріміз, алған ілімдеріміз барлығы да тек Аллаһ үшін болмаса хадисте айтып өткендей, оның сауабы жоқ, ол тек қиналу ғана. Кішкене ойлап көрелік, осы біз не үшін намаз оқып, кім үшін ғибадат етіп жүрміз? Өткенде бір кісіге осы сұрақты қойсам, «Анам оқы деп қоймады, сол үшін оқып жүрмін» дейді. Қараңыздар! Сол кісі намаздың уақыты кірісімен намазын үзбей оқып жатыр, бірақ ниеті қандай? Аллаһқа деген ықыласпен емес. Осы арада Шуфай Асбахий келтірген бір риуаятты біз ақыл иелеріне үлкен ғибрат болар деген ниетпен айтып өтейік: Бір күні Мәдинаға кірдім, қарасам бір кісінің қасында адамдар жиналған екен. «Бұл кісі кім?»- деп сұрадым. «Әбу Һурайра»- деді олар. Сосын оған жақындадым, ол адамдарға сөйлеп жатқан еді, біраздан кейін сөзін тоқтатты, сосын адамдар тарап жалғыз өзі қалғанда: «Аллаһ сізді ескерсін, маған Аллаһтың Елшісінен, салла Аллаһу алайһи уа саллам, естіген, жаттаған, үйренген және білген хадистеріңізден айтыңызшы»,- дедім. Абу-Һурайра, ради Аллаһу анһу, «Отыр саған Аллаһ Елшісінен, салла Аллаһу алайһи уа саллам, естіген хадистерімді айтайын»- деді. Әбу-Һурайра екеумізден басқа ешкім жоқ еді, сәлден соң күрсініп жылап жіберді. өксіген, жүзі қызарған күйде біраз тұрып қалды. Өзіне келгеннен соң жүзін сүртті. «Расулуллаһтан, салла Аллаһу алайһи уа саллам, естіген хадисті саған әлбетте айтамын»,- деді. Сосын және күрсінді де тағы жылап жіберді. Азырақ тұрып өзіне келген соң көз жасын сүртті де былай деді: «Расулуллаһ, салла Аллаһу алайһи уа саллам, маған айтты: «Әлбетте Аллаһ тәбәракә уа Таъала Есеп күнінде өзінің жаратқандары арасында бүкіл бой ұсынушы үмметке үкім етеді.
Аллаһ Таъала Құран жаттаған хафиз кісіден: «Сен Мен үшін не істедің?» деп сұрайды. Ол: «Құран жаттап, Сенің ризалығың үшін басқаларға үйреттім» деп жауап береді. Аллаһ Таъала: «Жоқ өтірік айтасың, сен адамдар қари-хафиз деп айтсын» деп оқыдың, сенің барар жерің то-зақ дейді.
Аллаһ жолында жихадқа шыққан кісіден сұрағанда, ол: “Мен Сенің ризалы-ғың үшін жихадқа шықтым» дейді. Аллаһ Таъала сол кезде «Жоқ, сен өтірік айтасың, сен адамдар мені батыр деп айтсын деген ниетпен соғыстың, сондықтан барар жерің тозақ» дейді.
Үшінші жомарт кісіден Өзі үшін не істегенін сұрағанда, ол бай: «Сен үшін жетім-кембағалдарға көмек бердім» дейді. Сонда Жаратушы Хақ Таъала: “Жоқ, сен адамдар мені жомарт кісі деп айтуын қалап көмектестің, сондықтан сенің де барар жерің тозақ» деп үкім етеді.
Кейін Расулуллаһ, салла Аллаһу алайһи уа саллам, қолымен тіземді ұрып: «Ей, Әбу Һурайра! Бұл үш түрлі кісілер Қиямет күні жаһаннам қыздырылатын Аллаһтың әуелгі мақлұқтары»,- деді.
Иа, ондай ниеттен Аллаһ сақтасын. Әрбір ісіміз тек Аллаһ ризалығы үшін болсын. Бірде риякерлікті Али ибн Әбу Талиб, ради Аллаһу анһу, төртке бөледі: «Рия жасаушының белгісі төртеу:
Өзі жалғыз қалғанда жалқау,
Адамдармен бірге болса ынталы,
Адамдар мақтаса амалды көбейтеді,
Ал жамандаған уақытта кемітеді».
Заһид Шақиқ ибн Ибраһим былай дейді: «Амалдың қорғаны үш нәрсе:
*Амалдағы тақуалықты Аллаһтан деп білу-мұнымен менмендікті жою үшін,
*Амалды Аллаһтың ризалығымен бастау-мұнымен жеңу үшін,
*Амалдың сауабын Аллаһ Таъаладан үміт қылу-мұнымен рия болмау үшін, дей келе, - осылармен амалдар мықты болады»,- деді. Хамид Лифаф деген кісі айтады: «Егер Аллаһ бір кісіні жазалауды қаласа, үш нәрсемен жаза береді:
• Көп ілім береді, бірақ ғұламалар амалынан (амал етуден) қысып қояды.
• Салих кісілердің сұхбатына жеткізеді, бірақ олардың құқықтарын білуден қысып қояды.
• Оған ғибадаттар есігін ашады, бірақ ықыласын қысып қояды».
Міне, солардың барлығы ниеттің бұзықтығынан. Өйткені, егер ниет тура болса, әлбетте мейрімі шексіз Аллаһ Таъала ілімнің пайдасынан да, амалға ниет-ықылас қоюдан да, салихтардың құқықтарын білуден де несібе беріп, ризықтандырып қоятын еді. Сондықтан құрметті жамағат, әрбір істеген амалдарымызды, әрбір орындаған ғибадаттарымызды, тек Аллаһтан ғана сауабын үміт етіп, шын ниет-ықыласпен риясыз орындауға тырысайық.
Ақтөбе медресе колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Ильясов Бекжан Куанатович